Әділет Дәулетбердіұлы: Ассалаумағалейкум. Қоғамда жастардың арақ-шарапқа ,темекі-насыбайға әуестілігі күн санап артып келеді.Көп жерде қарап отсақ 18 толмаған жасөспірімдер әр бұрышта темекі шегіп тұрады.
Мені толғандыратын нәрсе көп дүкендер жас балаларға арақ -шарап , темекі сатуға тыйым салынғаның біле тұра өз саудаларын жүргізуі..
Жауап:
Жауап:
Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы Заңының 8-бабының 1-тармағына және 9-бабының
3-тармағы 3) тармақшасына сәйкес, өтінішіңізде көрсетілген сауалға төмендегідей түсінік береді.
Облыста алкогольді тұтынушылар санатында 14 пен 29 жас аралығындағы 181 (3,5%) (2017 жылы - 259 (4,9%) жас тіркелсе, есірткі заттарды тұтынушылар санатында 210 (12,78%) (2017 жылы - 403 (19,5%), ал, уытты заттарды (токсикоман) тіркелушілер қатарында 8 жас (100%) (2017 жылы - 8 (100) тіркелген.
Басқарма тарапынан мүдделі мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып, жастар арасындағы нашақорлықтың, алкоголизмнің алдын алу бойынша профилактикалық шаралар өткізу жүйеге қойылған.
Биылғы жыл басынан бері аудандық, қалалық «Жастар ресурстық орталықтары» тарапынан «Есірткісіз болашақ», «Жат әдеттерден аулақ бол» және тағы сондай тақырыптар төңірегінде 330 түрлі көпшілік шаралар өткізілді.
Одан бөлек, басқарма тарапынан салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен бірлесе отырып есірткінің қоғамға келтіретін зардаптарын түсіндіру мақсатында «Нашақорлыққа жол жоқ!», «Никотиннен витоминге» сияқты кең көлемді акциялар мен кездесулер, спорттық шаралар өткізілді.
Тараз қаласында орналасқан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша құрылған №3 мобильді топтың 2018-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Жастар арасында алкоголизм мен шылым шегудің алдын алу», «Біз-нашақорлыққа жоқ дейміз!» тақырыптарына семинарлар мен жастар акцияларын, есепте тұрған, тәрбиесі қиын жастармен кездесулер, түрлі әлеуметтік, құқықтық және психологиялық мәселелер бойынша арнайы мамандардың қатысуымен жастарды қабылдау жұмыстарын ұйымдастыру және кеңестер беру сияқты шаралар өткізу жоспарланған.
Мұндай шаралар жастардың кешкі мезгілде рұқсат етілмеген орындарда жүрмеуіне және нашақорлықтың алдын алуға өз септігін тигізуде.
Қазақстан Республикасының заңнамасымен алкоголь және темекі өнімдерін сатуға шектеу қойылған.
Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы Заңының 37-бабы
2-тармағына сәйкес, балаға алкоголь өнімін, темекiнi және темекi бұйымдарын сатуға тыйым салынады делінген.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 159-бабына сәйкес, темекі бұйымдары мен алкогольді тұтынудың профилактикасы және оны шектеу белгіленген.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының
2014 жылғы 5 шілдедегі Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 133-бабына сәйкес, он сегiз жасқа толмаған адамдарға темекiнi және темекi бұйымдарын сату және олардың сатуы – жеке тұлғаларға – жеті, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – он бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне сексен айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Кодекстің 133-баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет – жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – алпыс, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Кодекстің 200-баптың бірінші бөлігіне сәйкес, жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға алкоголь өнімін өткізу – лицензияның қолданысын тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға – он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – сексен, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Аталған баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – лицензиядан айыра отырып, жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – сексен, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Басқарма Заңның 12-бабына сәйкес, аталған өтiнiштi қарау нәтижелерi бойынша қабылданған шешiмдерге шағым жасау құқығыңыз бар екендігін назарыңызға жеткізеді.
Басқарма басшысы М. Мәтен